І. Жалпы ереже
Осы Ереже 2007 жылғы 27 шілдедегі №319-ІІІ Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына (01.09.2022 ж. жағдай бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілген), сондай-ақ Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес әзірленді. Ережеде білім беру ұйымдарының педагогтері мен оқушыларына арналған «Ұлы дала дарыны» республикалық байқауының (бұдан әрі — Байқау) мақсаттары мен міндеттері, ұйымдастырушылық-әдістемелік қамтамасыз ету, өткізу тәртібі, қатысу шарттары, жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтау тәртібі айқындалады.
- Байқаудың ұйымдастырушысы «BILIM-ÒRKENIETI» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы (бұдан әрі — «BILIM-ÒRKENIETI» ҰИҒЗО) болып табылады.
- Байқаудың мақсаты: Білім алушылардың шығармашылық және сыни ойлау қабілетін дамыту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, тұлғалық көзқарасын қалыптастыру және эссе жазу арқылы өз ойын еркін әрі сауатты жеткізе білуге баулу.
- Байқаудың міндеттері: Оқушылардың өзіндік пікірін жүйелі түрде білдіруіне мүмкіндік беру, шығармашылық ойлау қабілетін дамыту, ұлттық және адамгершілік құндылықтарға негізделген тақырыптарда ой қозғауға баулу, сондай-ақ дарынды оқушылардың жұмысын кең көлемде насихаттау.
ІІ. Байқау қатысушылары
2.1. Байқауға білім беру ұйымдарының 1–11 сынып оқушылары қатыса алады. Қатысу жеке түрде жүзеге асырылады. Педагогтер оқушыларға бағыт-бағдар беріп, шығармашылық жұмысты даярлауға әдістемелік қолдау көрсете алады. Қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай екі санатқа бөлінеді: төменгі буын – 1–5 сынып оқушылары (6–11 жас аралығы) және жоғары буын – 6–11 сынып оқушылары (12–17 жас аралығы).
2.2. Қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне толық жауапкершілік байқаудың соңғы кезеңіне дейін, байқау өткізіліп жатқан уақытта және кері қайту жолында жетекшілердің мойнында болады. Жетекшілер тиісті білім басқармасы басшысының бұйрығымен бекітіледі.
ІІІ. Байқауды ұйымдастыру және өткізу тәртібі
- Байқаудың өткізу тұрақтылығы мен мерзімділігі: 2020 жылдан бастап жылына бір рет өткізіледі.
3.2. Байқауды ұйымдастыру комитеті жыл сайын қорытынды кезеңнің өтетін орнын және уақытын белгілейді, қазылар алқасының мүшелерін, байқау бағдарламасын және қатысушылардың тізімін бекітеді, байқау нәтижесін шығарып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімін өткізеді.
3.3. Қазылар алқасы құрамына мектеп, колледж және жоғары оқу орындарында қызмет ететін түрлі ғылыми бағыттағы білікті оқытушылар, ғалымдар мен әдіскерлер кіреді. Байқауға қатысушылардың жақын туыстары немесе тәрбиеленушілері қазылар алқасының құрамында бола алмайды.
3.4. Қазылар алқасы ұсынылған жұмыстарды талдап, белгіленген критерийлер бойынша әділ бағалайды және жүлделі орындарға лайықты қатысушыларды анықтайды.
ІV. Байқауға ұсынылатын жұмыстарға қойылатын талаптар
4.1. Байқауға қатысушылар эссе жұмыстарын Microsoft Word форматында терілген нұсқада tulgabol_100@mail.ru электрондық поштасына ұсынады (қосымша PDF нұсқасы ұсынылуы мүмкін). Ұсынылған жұмыстар түпнұсқа, яғни автордың жеке шығармасы болуы тиіс. Басқа жұмыстардан көшірілген немесе интернеттен алынған дайын мәтіндер, плагиат элементтері бар жұмыстар қабылданбайды. Плагиат фактілері анықталған жағдайда, ұйымдастыру комитеті мұндай жұмыстарды байқауға қатысудан шеттетуге құқылы.
4.2. Байқауға қатысушылар жетекшілерімен бірлесе отырып, төменде ұсынылған тақырыптардың бірін таңдайды. Эссе жұмысы таңдалған тақырыпқа сай, оқушының жас ерекшелігіне, қызығушылығына және шығармашылық көзқарасына негізделіп жазылады. Жетекші бағыт-бағдар беріп, оқушының өз ойын сауатты, еркін жеткізуіне әдістемелік көмек көрсетуі мүмкін.
1–5 сынып оқушылары (төменгі буын, 6–11 жас аралығы):
– «Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» – оқушы бұл тақырып бойынша өз ұстазының сыйлығына, сүйіспеншілігі мен құрметін жеткізетін эссе жазады.
– «Мен болашақта кім болам?» – оқушы жетекшісімен бірге өз болашағындағы арманы, сүйікті мамандығы жайлы эссе дайындайды.
– «Менің туған өлкемнің тарихы» – оқушы жетекшісімен бірге туған жерінің тарихын немесе сол өңірден шыққан белгілі тұлғаны таңдап, эссе жазады.
– «Ұлы Даланың ұлы есімдері» – оқушы Қазақ жерінен шыққан бір тарихи тұлға туралы эссе жазады.
– «Отан отбасынан басталады» – оқушы өзінің отбасы, ата-анасына деген құрметі жайлы эссе жазады.
6–11 сынып оқушылары (жоғары буын, 12–17 жас аралығы):
– «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» – оқушы жетекшісімен бірге еліміздің тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктер туралы эссе жазады.
– «Абай Құнанбайұлы – Қазақтың біртуар Ұлы ақыны» – оқушы бұл тақырып бойынша Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы жайлы эссе дайындайды.
– «Ұлы даланың Ұлы тұлғалары» – оқушы Қазақ жерінен шыққан тарихи тұлғалардың өмірі мен маңыздылығын талдайтын эссе жазады.
– «Менің болашақ мамандығым» – оқушы өз болашақ мамандығын таңдап, себептері мен армандарын түсіндіретін эссе жазады.
– «Қазақ тілім – Байлығым» – оқушы қазақ тілінің мәдени және рухани құндылықтарын атап өтетін эссе дайындайды.
4.3. Эссе жұмыстары еркін формада жазылады. Қатысушы таңдалған тақырып аясында өз ойын анық, шынайы және жүйелі түрде жеткізуі тиіс. Эссе мазмұны қатысушының жеке көзқарасын, дүниетанымын және шығармашылық әлеуетін көрсете алуы қажет. Байқауға жұмыстар (қазақ, орыс, ағылшын) тілдерінде қабылданады!
4.4. Байқауға ұсынылатын жұмыстарға келесі талаптар қойылады:
- таңдалған тақырыптың толық және терең ашылуы;
- мазмұндық тұтастық пен қисындылықтың сақталуы;
- сөйлеу мәдениеті мен тілдік сауаттылық деңгейінің жоғары болуы;
- жұмыстың эмоциялық әсері мен автордың жеке көзқарасының шынайылығы;
- орфографиялық, пунктуациялық және грамматикалық нормалардың сақталуы;
- кіріспе, негізгі бөлім және қорытынды сияқты құрылымдық бөліктердің болуы.
- Жұмысты рәсімдеуге қойылатын талаптар:
Қаріп түрі: Times New Roman
Қаріп өлшемі: 14 кегль
Жоларалық интервал: 1,5 см
Абзац шегінісі: 1,25 см
Жиектер: сол жағынан – 2,5 см, оң жағы – 1,5 см, жоғары және төменгі жағынан – 2 см
Жұмыс көлемі: 250-350 сөз.