ӘЗІРЕТ САТЫЛҒАНОВ

Қазақ топырағынан түлеп шыққан мыңдаған ой алыптарының бірі әл-Фараби бабамыз: «Ғылыммен айналыссам деген адамның ақыл-ойы – айқын, ерік-жігері – зор, тілек-мақсаты – ақиқат пен адалдыққа қызмет етуге талап жолында болуы шарт» — деген даналық білімі әлемдік философияда жоғары дәрежеде бағаланған, білім мен ғылымның ақиқат биігі мен анық мақсатын көрсетіп берген. Әл-Фараби бабамыз атап өткеніндей, Қазақ Елінің ғылым мен білім саласы ақиқат пен адалдыққа негізделсе ғана тәуелсіздігіміздің тұғыры – берік, болашағы – баянды болары сөзсіз.
Сол секілді, Қазақ елінің рухы асқақ, тәуелсіз еліміздің мәртебесі жоғары болуы үшін жастарымыздың бойына асқақ рух дарыта отырып, өскелең ұрпақты ғылым мен білімге баулып, ұлттық идея негізінде тәрбиелеуіміз қажет. Нақтырақ айтсақ, дарынды, терең білімді, өнерлі жастарымызға қазақы рух пен ұлттық мәдениет негізінде тәрбие берсек қана бүгінгі ұрпақ төл руханиятымыздың уызына жарып өсері анық. Міне осындай ұрпақ қана ел тәуелсіздігінің болашағы болары анық!