Сатылганов Азрет, Білім өркениеті ұлттық-инновациялық орталығының директоры
Білім берудегі ата-ананың рөлі және патриоттық тәрбиенің маңызы
«Мың жылдығын ойлаған ұрпақ тәрбиелейді» дейді дана халқымыз. Яғни ұрпақ тәрбиесі қазіргі уақытта өзекті мәселелердің біріне айналды. Ал бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі қандай десек әрине маңызды деп айта аламыз. Қазақ даналығында: «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген қағида бар. Міне осының өзі ұлттық тәрбиеміздегі ата-ананың бала тәрбиесіндегі маңызын аңғартса керек. Сол секілді: «Ұяда не көрсең ұшқанда соні ілесің» деген даналық сөздің де бала тәрбиесіндегі ата-ананың орнын меңзесе керек.
Қазір қазақ қоғамы отбасы тәрбиесінде ең бір құлдырау кезеңін бастан кешіп отыр. Оның бірнеше себептері бар. Соның бірегейі кешегі советтік кезеңде жүргізілді. Яғни кеңестік жүйенің басты саясаты қазақтың дәстүрлі құндылықтарының тамырына балта шапты. Ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерге «ескіліктің сарқыншағы» ретінде қарап, ескішіл элементтерді жою үрдісі сол заманда кең етек алып, ұлттық тәрбие мен дәстүрлі мәдениетімізден айырып тастады. Міне осылайша өткен тарихымызда халқымыз өзінің рухани тереңіне бойлай алмай, дәстүрлі құндылықтары мен ұлттық тәрбиесінен қол үзіп қалған болатын.
Ұлттық тәрбие мен дәстүрлі отбасы құндылықтарымыз осылайша жойылған болатын. Яғни советтік саясаттың сол кездегі еккен «дәні» қазір өз «жемісін» беруде… «Бүгінгі күн кешегі күннің жемісі, ертеңгінің болмысы» дейді дана халқымыз.
Халқымыздың біртуар ұлы Мұстафа Шоқай: «Батыс тәрбиесін алған зиялылардың аянышты жері – рухани жақтан өз халқына өгей болып қалуы еді. Батыс тәрбиесі көптеген туыстарымызды халқымыздың жан дүниесіне сіңген, ұлттық тарихымыздың өн бойында жатқан «Шығыс зердесінен» айырды» деп, сол уақытта-ақ сол жүйенің зардаптарына қынжылған болатын.
Енді қазіргі қоғамдағы ата-ананың бала тәрбиесіндегі орны қандай деген сұраққа келсек. Және бала тәрбиесіндегі көптеген проблемаларға тоқталып, проблемадан шығу және шешу жолдарын айтсақ.
Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының әлеуметтік зерттеулер деректеріна қарасақ ата-аналардың 62%-ы өз балаларына жеткілікті уақыт бөлмейді, 43 %-ы балаларының проблемаларына аз мән береді екен.
Бұл деген сөз қазіргі қоғамдағы ата-аналардың бала тәрбиесіне терең мән бермеуін көрсетеді. Сондықтан да қазіргі қоғамдағы бала тәрбиесіндегі көп проблеманың пайда болуына әкелді.
Оны көп ата-аналар қазіргі нарықтық замандағы «сананы тұрмыс билеген» жүйенің проблемасымен түсіндіреді. Мысалы: қазіргі қоғамда ата-ана өз баласының тәрбиесіне қарауға мұршасы жоқ, өйткені, көптеген алған несиелерін төлеу үшін күндіз-түні жұмыс істеп жүріп, бала тәрбиесіне мән бермейді. Сананы тұрмыс биелеген. Бұл да шындық әрі қоғамның бір проблемасы екендігі анық.
Дегенмен, ұрпақ тәрбиесін де назардан шығармауымыз қажет. Өйткені ұрпағымыз ол ертеңгі болашағымыз. Тірнектеп жиғанымыздан не пайда ертең ұрпағымыз ынжық болып, ұлымыз имансыз, қызымыз ибасыз боп өссе?!
Сондықтан да қазіргі ата-ана бала алдындағы басты міндетін білуі тиіс, және сезінуі тиіс. Ол міндет балаға дұрыс тәрбие беру. Әсіресе баланы қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрыптары негізінде тәрбиелеуіміз қажет.
Мағжан Жұмабаев «Педагогика» еңбегінде: «әрбір тәрбиешінің қолданатын жолы – ұлт тәрбиесі. Әрбір ұлттың бала тәрбие қылуы туралы ескіден қалып келе жатқан жеке-жеке жолы бар. Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтай жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші, сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиісті. Және әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында, өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті»- деп, ұлттық тәрбиенің маңызын ерекше атап өтеді.
Сондықтан да балаға ең бірінші қазақи тәрбие берген дұрыс. Өскелең ұрпақты қазақтың салт-дәстүрлері негізінде халықтық ертегілерімен, мақал-мәтелдерімен, аңыз-әңгімелерімен, жыр-дастандарымен тәрбиелеу қажет. Оны қазақ: «Салтым-санам, дәстүрым-дәулетім» дейді.
Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя» романында: «Ертегісіз өскен бала – рухани мүгедек адам. Біздің қазіргі балаларға әжелері, не шешелері ертегі айтып бермейді. Содан қорқам. Менің қазіргі келіндерім немерелеріме бесік жырын айта білмейді. Бесікте жатқанда құлағына анасының әлди әні сіңбеген баланың көкірегі кейін керең боп қалмаса деп қорқамын»…», – деп, өз қорқынышын білдірген.
«Жақсымен жолдас болсаң-жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң-қаларсың ұятқа», — деген даналық сөз бар қазақта. Міне, қазақ даналығы айтқандай, ұрпағымызды жақсымен дос болып, мұратқа жеткізетін жолдың бірі ол – ұрпаққа ертегі айту арқылы тәрбие беру.
Ертегі тыңдап өскен баланың ақыл-ойы, пайым-парасаты, таным-түсінігі дамиды, жақсыға асық болып, жаманнан қашық болып жүреді. Өйткені ұлттық қиял-ғажайып ертегілеріміздің негізгі, әрі жағымды кейіпкерлері әділдік үшін күресу арқылы соңында мақсатында жетеді. Міне ертегі тыңдап өскен бала рухани құндылықтарды бойына сіңіріп, жаманнан жиреніп өседі.
«Батыр туса – ел ырысы, Жаңбыр жауса – жер ырысы» — дейді дана халқымыз. Ұрпағымызды елдің ырысы болып туған батыр, отансүйгіш, патриот болып өссін десек, онда батырлық жыр-дастандар – «Алпамыс батыр», «Кенесары-Наурызбай» т.б. жырларын жаттату арқылы бала тәрбиелеуіміз керек.
Мысалы, «Алпамыс», «Кенесары-Наурызбай», «Қобыланды» т.б. батырлық жырларда жырдағы негізгі кейіпкерлер Кенесары мен Наурызбай батырлар өз елін жаудан қорғаушы, өз жерінің Тәуелсіздігін сақтаушы болып суреттеледі. Міне осындай қаһармандық рухтағы жырларды жаттағанда өскелең ұрпақтың бойында еліне, жеріне деген сүйіспеншілік ұялайды, ұл бала бойында ұлттық намыс, өршіл рух пен қайсарлық, ерлік пен қазақы мінез пайда болады.
Ал, қазіргі қоғамдағы құлағына сырға тағып, шашын қызыл-жасылға бояған, не шаш өсірген, өз тілінде сөйлей алмайтын, бірақ өзге тілде сайрайтын қазақ балаларын көргенде қан жылайсың! Абылай ханның түсінде көрген «өз қағынан жеріген» ұрпақ осы ма деп қорқасың кейде…
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы:
Баласы кейін туған, қайта қонса,
Атаның, отын қылған, мұрасы бар» — дейді.
«Бабалар сөзі – даналық көзі» дейді дана халқымыз.
«Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі де есті болады» дейді дана Абай.
Өскелең ұрпақты тәрбиелеудің негізгі қадамдарының бірі ол – жас ұрпақты бабалардың даналық мұрасымен тәрбиелеу қажет.
Сонда ғылым мен білімге ынтасы оянады, өмірлік даналықты терең ұғынады.
Ахмет Байтұрсынұлының 40 мысалын, Міржақып Дулатұлының шығармаларын, Шәкәрім Құдайбердіұлының даналық өлеңдерін, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының мұраларын т.б. ұлттық даналарымыздың мұрасын жас ұрпаққа оқытып, санасына тоқытсақ, сонда ғана ұрпағымыз жат қылықтардан аулақ болады, өткен тарихтағы қаһармандарды өздеріне үлгі тұтады, еліне деген, жеріне деген сүйіспеншілігі оянады.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлды ұлша тәрбиелесең ұл, құлша тәрбиелесең құл болады» дейді. Яғни біз қазір балаға қандай тәрбие берсек, келер ұрпақ та сондай тәрбиемен, сондай рухпен өседі.
«Бүгін империализмнің орнына қазіргі заманғы отарлаудың жаңа түрі глобализм келді. Бүгінгі глобализм кешегі колониализмнің шөбересі, империализмнің немересі, кешегі орыс глобализмінің руласы екендігі анық» — дейді, профессор Досай Кенжетай.
Яғни, қазір жаһандану дәуірі. Сондықтан да бұл біздің қоғамға жығылған үстіне жұдырық болып тұр. Ол дегеніміз кешегі кеңестік жүйеде санасы әбден отарланған ұлт енді глобализмнің «ұлтыздану ұранының» жалынына шарпылды.
Міне сондықтан да қазіргі ғаламдану заманында балаға патриоттық тәрбие берудің маңызы зор. Патриотизм неге керек деген сұраққа қазақ даналығы: «Бір үйдің атасы болма, көп елдің данасы бол» деп, жауап береді. Яғни патриот адам ол Сіз бен Бізді ойлайтын, қоғамның тыныштығы мен әділдігі үшін, ұлттың жарқын болашағы үшін жанын қиятын тұлға. Сондай тұлғалардың арқасында даран даласы бар қазақ халқы осы күнге жетті.
«Ұлым дейтін ел болмаса, елім дейтін ұл қайдан туады?» дейді Ахмет Байтұрсынұлы.
Егер жастарымыздың бойында еліне, жеріне деген үйіспеншілік болса онда Тәуелсіз еліміздің тұғыры берік болатындығы анық. Ол үшін өскелең жас ұрпақты алаш қайраткерлерінің ұлттық-патриоттық рухтағы шығармаларымен сусындатып, отаншылдық сезімін қалыптастыру керек. Жастарымыздың бойына ана тіліне деген құрметті оятуымыз керек. Ол үшін әрбір қазақ азаматы отбасында өз ана тілінде сөйлеп, ана тілінде тәрбие алуы тиіс. Қазақтың барлық жақсы қасиеттерінің барлығы өз ана тілінде, өз болмысында, ұлттық мәдениеті мен әдет-ғұрпы, салт-санасында жатыр. Міне осының өзі ұлттық тәрбиеміз бен әдебіміздің негізін айшықтайды.
Сонда ғана «Малым жанымның, жаным арымның садақасы», «қарнымның ашқанынан емес, қадірімнің қашқанынан қорқамын» дейтін, «өлімен ұятты артық санайтын» ар-ұжданды, обал-сауапты жоғары қоя білетін, елінің Тәуелсіздігі жолында қызмет ететін көкірек көзі ояу, көңілі сергек ұрпақ тәрбиелей аламыз.
Жұқпайды екен айтқан сөз
Ғылымы жоқ наданға.
Кеудесiнде болса көз,
Жұғар мұндай адамға.
Ондай адам қазақтан
Көп туса осы заманға,
Босар едi-ау азаптан
Қазақ шығып самалға» — деп, Шәкәрім бабамыз армандаған ұрпақты тәрбиелеу бүгінгі Сіз бен Біздің міндетіміз.